Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы 12 елді мекен тұрғыны тасыған Есіл өзенінен зардап шегуі мүмкін. Қазір бұл ауылдардың маңында бөгеттер бекітіліп жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Қызылжар ауданы Тепличное елді мекенінің маңында су тасқынына дайындық жүргізіліп жатыр. Жұмыс наурыз айының соңында басталды. Бұл елді мекенде 300-ге жуық үй су кіруі ықтимал қауіпті аймақта орналасқан.
— Қазіргі уақытта жеке құрамнан 40 адам жұмысқа жұмылдырылған. Ұлттық ұлан, жергілікті атқарушы билік өкілдері де атсалысып жатыр. Судың жолын бөгеу үшін ауыр техника қолданып жатырмыз. Тасқын су бір аптада келеді деп болжанған. Оның қандай деңгейге көтерілетіні әзірге белгісіз. Соған қарамастан біз алдын алу үшін бөгетті барынша көтеріп жатырмыз. Міндет – су келгенше жолын жабу. Алдағы үш күнде жұмысты бітіреміз, — дейді Қызылжар ауданы әкімінің азаматтық қорғаныс бойынша бас инспекторы Ахметхан Тобылбаев.
Маманның айтуынша, бұдан басқа әр үйге кіріп, тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
— Тасқын су келгенде не істеу керек, қайда хабарласу керек – бәрін айтып жатырмыз. Арнайы буклеттер әзірледік. Ауылдық округ әкімдерімен халықты эвакуациялау жоспарын қарап, бекіттік. Қазір аудан аумағында 5 мың адам сиятын 13 эвакуациялық бекет бар. Сондай-ақ 15 тәулікке жететін азық-түлік қорын жасадық, — дейді Ахметхан Тобылбаев.
Қызылжар ауданында тасыған өзен суының жолында тұрған 12 елді мекен бар. Тағы үш ауыл тұрғыны еріген қар суынан зардап шегуі мүмкін.