Облыста шетелдік автокөліктерді заңдастыру науқаны жалғасуда. Акция басталғалы бері өңірде 4115 адам өз көліктерін заңдастырып үлгерді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бүгіндері әкімшілік полиция қызметкерлері жария ету шарттарын түсіндіру бойынша жаппай ақпараттық науқан өткізді. Нәтижесінде полицейлер облыс тұрғындарының жеке сұрақтарына жауап берді. Теміртұлпар иелері «жедел желінің» 8 (7152) 32-00-22, 8 (7152) 32-00-19 нөмірлеріне хабарласып, көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдады.
– Ауыр жүк көлігі бойынша көптеген сұрақтар келіп түсуде. Естеріңізге сала кетейік, максималды рұқсат етілген салмағы 3,5 тоннадан асатын жүк көліктері заңдастыруға жатпайды. Олар жалпы негізде алғашқы тіркеуге жатады: мемлекеттік баж және кәдеге жарату төленгеннен кейін, олар «Еуро-4» экологиялық класына сәйкес келуі керек, – дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
М1, М1G, М2, М2G, N1, N1G санатындағы, оның ішінде рөлі оң жақта орналасқан көлік құралдары заңдастыруға жатады.