Облыс орталығында аялдама әйнектерін сындыру фактілері тыйылар емес. Мәселен, қаңтар айынан бастап, қасқойлар 14 аялдама павильонын сындырған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавл қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, әзірге «Dostyq Mall» сауда орталығының алдында орналасқан аялдаманың әйнегін сындырған азамат анықталды.
– Аялдамаларға нұқсан келтірген тұрғынның бірі павильонды көлігімен соққан. Ол жақын маңда орналасқан бейнекамера арқылы табылды. Қазіргі уақытта темір тұлпардың иесі іздестіріліп жатыр, – дейді Петропавл қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.
Аялдаманы сындырған адамға Әкімшілік кодекске сәйкес жаза да қарастырылған. Оның негізінде абаттандыру ережесін бұзған азаматқа 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.