Кикбоксингтен Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен әлем кубогында жерлесіміз жеңіспен оралды. Дүбірлі додада Аслан Асылбеков осымен екінші мәрте чемпион атанып отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстікқазақстандық спортшы 60 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Әлем кубогында Аслан төрт кездесу өткізіп, әрқайсысында қарсыластарынан басым түсті. Финалда ол украиналық кикбоксшы Александр Дроздбен кездесіп, үш раундтың қорытындысы бойынша жеңіс тұғырына көтерілді.
– Кикбоксингпен 12 жыл бойы айналысып келемін. Осы уақыт аралығында талай жарыстарға қатыстым. Осы жолы да 2021 жылғы Венгрияның Будапешт қаласында өткен жетістігімді қайталадым. Алдағы мақсат – Қазақстан чемпионатында топ жару, – дейді Аслан Асылбеков.
Кикбоксингтен келесі жарыс – ел чемпионаты. Ол тамыз айында Шымкент қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Онда жеңіске жеткендер Португалиядағы әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие бола алады.