Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Ербақыт Амантайұлы Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігіне қарасты «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-ның директоры болып тағайындалды. Жаңа басшыны ұжымға облыстық ішкі саясат басқармасының жетекшісі Асқар Хабибулин таныстырды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ербақыт Амантайұлы 1984 жылы туған. М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың журналистика кафедрасын тамамдаған. Әлеуметтік ғылымдар магистрі.
Еңбек жолын 2004 жылы «Qyzyljar» телеарнасында бастап, «Алаш айнасы» республикалық газетінде, «Молодежная-Жастар» облыстық жастар басылымында, «Қазақ радиосында» қызмет еткен. Алғашқы саны жарық көргеніне бір ғасырдан асқан «Soltüstık Qazaqstan» газетінде қатардағы тілшіліктен бастап, бас редакторлыққа дейін көтерілді, яғни осы тағайындауға дейін «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-ның бас редакторы қызметін атқарды.
Ербақыт Амантайұлы – сегізінші шақырылымдағы Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты. «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Үйленген. Үш бала тәрбиелеп отыр.