Солтүстік Қазақстан облысының жол жөндеу ұйымдарына битум жетіспейді. Материалдың тапшылығынан жолдарды пайдалануға беру мерзімі созылуы мүмкін. Мұндай жағдай өңірде былтыр да болған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша, өңірде битумға деген сұраныс биыл – 45,6 мың тонна. Ай сайын 7,6 мың тонна битум керек. Оның 55 пайызы дайындалған, тағы 20,6 мың тонна қажет.
«Петропавл жолдары» ЖШС бас инженері Евгений Осмехиннің айтуынша, битум тапшылығы мәселе бірнеше жыл қатарынан күн тәртібінен түспей келеді.
«Жыл сайын құрылыс маусымының соңында битум жетіспеушілігі мәселесімен ұшырасамыз. Әдетте, бұл уақытта Павлодар МӨЗ жөндеуге жабылып, материалдардың тапшылығы туындайтын. Кейінгі екі жылда жағдай қиындай түсті. Былтыр бізде маусымның ортасында битум болмай қалған, биыл басының өзінде тапшылық туындап отыр. Қыста сақтайтын ыдыстардың мүмкіндігіне қарай қор жинаған едік – 3 мың тонна», — дейді ол.
Биыл ұйым 3 жобаны жүзеге асыруы керек. Оның бірі – республикалық жолдарды орташа жөндеу, екеуі – облыстық маңыдағы жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары. Жолдың шұрық-тесігін жамау жұмыстарын айтпағанда, осы жобалардың өзіне 5,7 мың тонна битум қажет.
«Қорды тез тауыстық. Егер битум тағы жеткізілгенде, ыдыстарды қайта толтырып, жұмысты үзбеуші едік. Алайда, жеткізілмей қалды. Жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Аптасына 500 метр төсейміз, ал күніне 1 шақырымды атқаруымызға болар еді. Өткен жылы битум тапшылығына байланысты кейбір жобалар бойынша жолдарды пайдалануға беру мерзімдерін кейінге қалдыруымызға тура келген. Биыл да жағдай қайталанатын сияқты», — дейді Е. Осмехин.
Сондай-ақ, материалдың бағасына қатысты да мәселе бар. Сметалар бойынша баға – тоннасына 130 мың теңге, ал іс жүзінде 280 мың теңгеге дейін жетеді. Баға жиі құбылып тұрады.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, битум зауыттан тікелей емес, делдалдар арқылы жеткізіледі. Битумның асфальт-бетон қоспасындағы үлесі – 6,5%. Алайда, оның бағасы соңғы өнім, яғни асфальттың құнына айтарлықтай әсер етеді.
«Асфальт-бетон қоспасының бағасындағы битумның құны – 45-50%. Демек, ол қаншалықты қымбат болса, асфальттың бағасы да соншалықты жоғары болмақ. Ал, битумның бағасы бір жылда көз ілеспес жылдамдықпен өзгереді. Мәселен, өткен жылдың басында кең таралған БНД 100/130 маркасының тоннасы 130 мың теңге болса, қыркүйекте 310 мың теңге тұрды. Биыл қазірдің өзінде баға 280-300 мыңға көтеріліп кетті. Көктемде асфалльт-бетон қоспасының тоннасы 18-20 мың теңге болса, күзге қарай 30 мың теңгеден асып түсуі мүмкін», — деді асфальт шығарумен айналысатын «Универсал» фирмасы» ЖШС директоры Антон Федяев.
Ал, асфальттың бағасы көтерілсе, мердігер мекемелердің де шығыны артады. Олар жөндеу жұмыстарына арзан материалды пайдаланады немесе конкурсқа қатысудан мүлдем бас тартуға мәжбүр болады.
Былтырғы қыркүйекте сенатор Серік Шайдаров битум жеткізу тізбегінен делдалдарды алып тастап, зауыттарға мердігерлермен тікелей келісімге отыруды міндеттеу мәселесін қарауды ұсынған болатын. Өйткені, делдалдар шығарушы зауыттан өнімді толық көлемде сатып алып, мердігерлерге қайта сатады.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылар да мәселеге алаңдайды.
«Құрылыс маусымы қызған шақта Павлодар мұнайхимия зауыты жоспарлы жөндеуге жабылады. Бір ай тоқтап тұрады. 2022 жылдан бастап битумды тікелей алу мақсатында ай сайынғы қажеттілік есептеліп, тәртібі бекітілді. Алайда, бізге ол көлем жеткіліксіз болып отыр», — дейді М. Баяхмет.
Жуырда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев облысқа жұмыс сапарымен келген. Жергілікті жол жөндеу ұйымдары битум мәселесін басты сауалдардың бірі ретінде көтерді. Олар материалды іргелес Ресейден тасымалдау мәселесін қарастыруды алға тартты.
«Қазақстан битумын тұтынуға кеңес беремін. Дегенмен, мұнда құрылыс маусымы қысқа. Қандай көлемде барын қарайық. Отандық битум жеткізілімін қамтамасыз етеміз, тапысырыс күтеміз», — деді министр.
Айта кетсек, 2014 жылы маусымда Ресейден Қазақстанға битум шығаруға тыйым салынған, шектеу 2024 жылға дейін созылады.