Үкімет отырысының кулуарында премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев кәсіпкерлер, атап айтқанда дүкен иелері мобильді аударымдар үшін жауапкершілікке тартылатыны туралы айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазір көкөніс сататын дүкен иелерінің QR коды жоқ. Төлемді мобильді қосымша арқылы аударуды сұрайды. Қаржы министрі бұл мәселені Мемлекеттік кірістер комитетімен бірге пысықтауға уәде берді.
«Мемлекеттік кірістер комитетімен жиналыс өткізіп, алдын алу шараларын жүргізу үшін ескерту беремін. Көптеген кәсіпкерлер мәселенің маңызын түсінбейді. Оның бәрін тексеруге баратын бізде қызметкерлер саны аз», – деді Ерұлан Жамаубаев.
Сонымен қатар ол заң қабылданып қойғандықтан, мобильді аударымдар мәселесінің әлі де көтеріліп жүргені оғаш екенін баса айтты.
«Ұялы аударымдарды жіберушілер мен алушыларға бөлеміз. Егер бұл жеке тұлғалар мен туыстар арасындағы аударымдар болса, онда оларға салық салынбайды. Ал егер оларды кәсіпкерлер пайдаланса, онда салық болуы керек. Жеке тұлға кәсіпкерлік қызметпен айналысса, онда оның осы мобильді аударымдар үшін жеке шоты болуы керек», – деді министр.
Оның айтуынша, аударымдардың қайсысы жеке мақсатқа, қайсысы бизнеске арналғанын ажырату үшін кәсіпкерлерге екі шот ашу ұсынылады.
«Қазір айыппұл жоқ. Бірақ заңда әр кәсіпкер салық төлеуі керек екені жазылған. Мемлекеттік кірістер комитеті ақпарат жинайды. Бастапқы кезеңде мемлекеттік қызметкерлер туралы, кейін кәсіпкерлер туралы. 2025 жылы мәліметтерді көргенде сұрақ болады. Сол кезде салық төлемегендерге айыппұл саламыз», – деді Ерұлан Жамаубаев.