Қызылжар ауданындағы Асаново елді мекенінде тұрғындар бір текше метр суды бір мың теңгеге сатып алып келген. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының араласуынан соң тіршілік нәрін тұтыну бағасы 6 есеге арзандады. Бұл туралы аталмыш ведомство басшысы Сергей Перов мәлім етті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс тұрғындары сапалы ауыз суды «Есіл су» топтық су құбыры кәсіпорны арқылы алып отыр. Бүгіндері мекеме бекітілген тариф бойынша қызмет көрсетіп келеді. Жақында өңірдегі 224 ауылдың 50-де тіршілік нәрінің бағасы қымбаттаған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменттің араласуымен судың құны 16 пайыздан 87 пайызға дейін төмендетілді.
— Қызылжар ауданы Асаново ауылында судың бір текше метрі тұрғындарға 1 мың теңгеге сатылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін аудан әкімі Булаев топтық су құбырынан тарату желісін салу жөнінде шаралар қабылдады. Ал қазіргі тариф 6 есеге жуық төмендетілді. Қазір 1 м³ су 175 теңге тұрады, — дейді Сергей Перов.