Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Ломоносовка ауылында құтқару қызметінің орталығы ашылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі
Жаңа ашылған бекет – төтенше жағдайларды алдын алу мен жоюдың, өрттерді сөндірудің, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін аса қажет. Енді өртсөндірушілер оқыс оқиға орнына жылдам жетіп, көмек көрсете алады.
Бекеттің салтанатты ашылуына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Аманжолов, құтқару қызметіне тиесілі орталықтың маңыздылығын атап өтті.
— Ломоносовка ауылы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимское елді мекенінен 65 шақырым жерде орналасқан. Бүгіндері ауылдық округте 2000-нан астам адам тұрады. Жылыту маусымында жеке тұрғын үйлерде азаматтарымыз пеш жағады. Өкінішке қарай, қыс уақытында төтенше жағдайлар жиі тіркеледі. Оларды алдын алу және қызыл жалынға қарсы күрес қашанда өзекті мәселе. Бұл ретте жаңа бекет өз септігін тигізетініне сенімдімін, — деді Ерлан Аманжолов.
Жыл басынан бері Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 33 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 4 адам көз жұмып, бір адам жарақат алды. Өрттен келген материалдық шығын көлемі 15 млн. 724 мың теңгені құрады.