Петропавлда «Шахмат керуені» республикалық жобасының өңірлік кезеңі өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz. тілшісі.
Бүгін қаланың орталық алаңында «Шахмат керуені» жобасының өңірлік кезеңінің салтанатты ашылуы өтті. Шараның басты мақсаты – әр облыста шахмат спортын насихаттау, өскелең ұрпақтың аталмыш спорт түріне деген қызығушылығын ояту.
Салтанатты шараның ашылуымен облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов пен Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко құттықтады.
— Жоба аясында өткізілген шахмат турниріне 40 солтүстікқазақстандық қатысты. Олардың 20-сы үздік деп танылып, араларынан үш жүлдегер анықталады. Бұл шахматшылар «Шахмат керуенінің» финалында бақ сынауға мүмкіндік алады, — делінген СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы таратқан мәліметте.
Жобаның өңірлік кезеңінде жеңіске жеткен спортшыға 100 мың, екінші орын иегеріне 50 мың және үздік үштікті қорытындылаған шахматшыға 30 мың теңгелік сертификаттар табысталды.
«Шахмат керуені» жобасының финалы қарашаның 10-ы күні Түркістан қаласында өтеді. Облысымыздан бұл турнирге 3 жерлесіміз аттанып, өңірлерден келген шахматшылар 5 млн. теңгені сарапқа салады.