«Есіл су» РММ филиалы инвестициялық бағдарлама аясында Булаев өндірістік учаскесінде су құбырларын ауыстыру жұмыстарын бастады. Бұл мақсатқа 300 млн. теңге бөлінген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қызылжар ауданына қарасты Водопроводное ауылындағы су желісі облыстың алты ауданын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отыр. Мұндағы құбырлардың 60 пайызының тозығы жеткен. Салдарынан биылдың өзінде бұл учаскіде 500-ден астам апат орын алды.
– Булаев өндірістік учаскесінде тіркелген апаттардың салдарынан тұрғындардың сусыз отырған күндері де болды. Биыл төтенше жағдайлар қайталанбау үшін мұндағы ескі құбырларды ауыстыруға шешім қабылдадық. Алдағы уақытта апаттар тіркелмейді деп ойлаймын. Бұдан бөлек, «Оңтүстік» су құбырын жөнге келтіреміз. 1 жарым шақырымды құрайтын құбырларды ауыстыру да жоспарда бар, – дейді Булаев өндірістік учаскесінің басшысы Қайырбек Қашықбаев.
Қызылжар ауданына қарасты «Красная горка – Бескөл» су құбырлары да жөнделіп жатыр. Инвестициялық бағдарлама аясында бұл мақсатқа 80 млн. теңге бөлінді.