Ақан сері атындағы облыстық филармонияда Мұғалімдер күніне арналған мерекелік кеш өтті. Салтанатты шараға өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі өңір педагогтерін төл мерекелерімен құттықтап, олардың ұрпақ тәрбиелеудегі маңызды рөлін атап өтті.
– Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттеріне білім, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарыту жолында мұғалімнің еңбегі зор. Мұғалімдер күні – ерекше орынға ие, жоғары дәрежесі бар ұлы мереке. Баршаңызды төл мейрамдарыңызбен құттықтаймын, — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Бүгіндері педагог мамандығының беделін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша соңғы 4 жылдың ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есеге өсті. Ал қыркүйектің 1-нен бастап, мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға артқанын айта кеткен жөн.
Жиында белгілі болғандай, білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» кадр резервін дайындау жобасы әзірленіп, облыстағы 11 мектеп директорының орынбасары іріктеуден өткен.
Салтанатты шара барысында өңір басшысы бірқатар ұстазды «Еңбек ардагері» медалімен, «Мағжан Жұмабаев» төс белгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттармен марапаттады. Төрт ұстазға «Солтүстік Қазақстан облысы білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы берілді.