Қызылжар ауданына қарасты Кривозерье ауылында монша өртеніп, 48 жастағы ер адам қаза тапты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ТЖД мәліметінше, өрт жайлы ақпарат «101» пультіне қазанның 11-і күні сағат 4:20-да түсті. Оқиға орнына дереу өртсөндірушілер жіберілді.
– Отты ауыздықтауға өрт сөндіру қызметі жеке құрамының 10 адамы мен екі техника жұмылдырылды. Қызыл жалынға оранған моншада 48 жастағы ер адамның денесі табылды. Тілсіз жау шарпыған аумақ 25 шаршы метрді құрады. Бір сағаттың ішінде өрт ауыздықталды, — дейді СҚО ТЖД баспасөз қызметінде.
Қазіргі уақытта өрттің себебі анықталып, келтірілген материалдық шығын есептелуде.