Шайбалы хоккейден ел біріншілігі аясында «Құлагер» клубы өз мұз айдынында қарағандылық «Сарыарқа» командасын қабылдап, бірінші кездесуде жеңіске жетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ел біріншілігінде жерлестеріміз 10-шы орында болса, «Сарыарқа» клубы 6-шы сатыда тұр. Турнир кестесіндегі айырмашылыққа қарамастан құлагерліктер азулы қарсыластарын қапы қалдырып, алғашқы кездесуде 5:1 есебімен жеңді.
Ойынның бірінші кезеңінде солтүстікқазақстандық команда сапында Иван Казаченко көзге түссе, кездесудің екінші бөлімінде жерлестеріміздің қатарынан Герман Грачев нәтижелі соққы жасады. Көп ұзамай қонақтар да есепті қысқарта алды. «Сарыарқа» клубында шайбаны қақпаға Глеб Зайцев дарытты. Кейін «Құлагер» хоккейшісі Денис Сергушкин есепті 3:1-ге дейін жеткізді.
Үшінші кезеңде «Құлагер» есептегі басымдық ұлғайтып, Денис Черевач пен Герман Грачев ойынды қорытындылады.