Облыстық әкімдікте өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия пара ойындарына қатысқан солтүстікқазақстандық спортшыларды қабылдады. Салтанатты шарада құрлықтың басты бәсекесінде қола жүлде иеленген Иван Залезняк пен оның бапкерлеріне сый-құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Биылғы Азияның пара ойындарына 42 мемлекеттің үздік атлеттері қатысты. Ұлттық құрама сапында үш жерлесіміз болды. Олар – Сергей Харламов, Иван Залезняк және Евгений Орлов. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов солтүстікқазақстандықтар төрт жылда бір рет өтетін додада сәтті өнер көрсеткеніне тоқталып, алғысын білдірді.
– Атлеттер дүниежүзілік, құрлықтық бәсекелерге әрдайым қатысып жүр. Биылғы Азия пара ойындарында Иван Залезняк жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Ол Азиаданың қола жүлдегері атанды. Бұл қажырлы еңбектің жемісі деп білуіміз керек. Келер жылы спортшыларымыз Париж пара Олимпиадасында бұдан да биік белестерді бағындыра алатынына сенімдімін, – деді Ғауез Торсанұлы.
Облыс әкімі Азия пара ойындарында қола жүлдегер атанған Иван Залезнякқа Алғыс хат пен 750 мың теңгенің сертификатын табыстады. Ал жеке бапкері Дмитрий Клеевке 250 мың теңгенің сертификаты берілді.
– Өңірде облыс басшылығының қолдауымен пара спорт даму үстінде. Бұған дәлел – жерлестеріміздің көрсетіп жүрген нәтижесі. «Үміт» клубында спортшылардың кәсіби тұрғыда жетілуіне барлық жағдай жасалған. Енді мақсат – Париж Олимпиадасында жеңіс тұғырына көтерілу, – деді «Үміт» клубының жаттықтырушысы Дмитрий Клеев. Иван Залезняктің алғашқы бапкері ДЕ марапатсыз қалмады. Елена Пахомоваға 250 мың теңгенің сертификаты мен облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Кездесуде сөз алған спорт ардагері Бауыржан Құлжанов спортқа қаржылық жан-жақты көрсетіп отырған облыс басшылығына рахметін айтып, пара спорттағы жетістіктер әлі де еселене түсетініне сенім білдірді.