СҚО полиция департаментінде ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен «Погонды журналист» жобасы қорытындыланды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жоба аясында журналистер тәртіп сақшыларымен бір жұмыс күнін өткізіп, полицейлердің күнделікті қызметімен танысуға мүмкіндік алды. Бұл жайында тілшілер қауымы өз мақалалары мен бейнесюжеттерінде жазды. Шараға облыстық қоғамдық-саяси газеттің, екі өңірлік телеарнаның, екі желілік басылымның, сондай-ақ материалдарды әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарына жариялаған университет студенттері қатысты.
Жоба қорытындысы бойынша алты материал жазылды. СҚО ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің қызметкерлері мақалалармен, телесюжеттермен танысып, репост жасағаннан кейін әр қатысушының еңбегіне бірдей баға беріп, облыстық полиция ведомствосында марапаттады. Белсенді қатысқан Самрат Құскенов, Дарья Пешкова, Диана Салихова, Гүлден Сембаева, Евгения Кузьменко, Нина Шерстова, Әмина Қалиева учаскелік полиция инспекторларының жұмысы, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, криминалистика, тергеу, патрульдік полиция қызметі сияқты тақырыптар төңірегінде қалам тербеді.
– Сіздердің әрқайсыларыңыз шығармашылық қабілеттеріңізді пайдалана отырып, жобадағы жұмыстарыңызды үлкен жауапкершілікпен орындадыңыздар. Көрермендер мен оқырмандар, әлеуметтік желілердің қолданушылары әрбір телесюжет пен мақаланы асыға күтіп, бағаларын береді. СҚО ПД басшылығының, Ардагерлер кеңесінің және жеке құрамның атынан сіздерге және әріптестеріңізге ІІМ жобасы аясындағы бірлескен жұмыстарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын, – деп атап өтті СҚО ПД бастығының орынбасары Қанат Айтбаев.
Жиын соңында департамент басшылығы күн сайын ел халқына кәсіби дайындалған ресми ақпаратты жедел түрде жеткізіп отыратын БАҚ өкілдерімен тығыз ынтымақтастыққа әрқашан дайын екенін атап өтті.