Сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін №48 түзету мекемесі бастығының бұрынғы орынбасарына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, колония басшысының орынбасарына алаяқтық жасады деген айып тағылған.
Іс материалдарынан ол осы жылдың жазында жәбірленушіге колония аумағында орналасқан тозығы жеткен механикалық цех ғимаратын бөлшектеу және құрылыс материалдарын шығару құқығын бергені үшін 400 мың теңге алғаны белгілі болды.
— Кінә сотталушының мойындауымен және істің жазбаша материалдарымен дәлелденді. Прокурор айыптауды қолдай отырып, сотталушыға арнайы атағынан айыра отырып, нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәні мойындады және айыппұл түрінде жаза тағайындауды өтінді. Сот балаларының болуын, кінәсін мойындауын есепке алды, — дейді облыстық соттың бапасөз қызметі.
Сот үкімімен ұрланған мүлікке 10 есе мөлшерде айыппұл түрінде жаза тағайындалды, ол 4 млн. теңге құрады. Сотталған адам өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан және әділет подполковнигі арнайы атағынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.