Мектеп директорларының орынбасарлары NIS-те тағылымдамадан өтті

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Назарбаев зияткерлік мектебінде облыстағы мектеп директорларының орынбасарлары тағылымдамадан өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Бір аптаның көлемінде өңірдегі 5 мектеп директорының орынбасарлары тәжірибе жинақтап, қаланың жетекші білім беру мекемелерінің бірінің жұмысымен танысты. Тағылымдама бағдарламасы өңірдегі білім беру ортасын дамытуға және оңтайландыруға бағытталған түрлі аспектілерді қамтиды.

Тағылымдаманың әр күнінде директорлардың орынбасарлары оқыту сапасын басқару, сабақ кестесін Edupage қосымшасының көмегімен оңтайландыру, ұстаздардың жоспарлау, оқыту және бағалау дағдыларын жетілдіру, педагог қызметкерлерді аттестаттау, әдістемелік жұмыстың құрылымы мен мазмұны, жас мамандарға тәлімгерлік жасау бағыттары бойынша пайдалы ақпаратпен таныс болды.

– Мектебімізде директорлардың орынбасарлары тағылымдамадан өтіп жатыр. Бірінші күннен бастап мектептің миссиясымен таныстыру, оқу тәрбие, ғылыми бағыттағы жұмысты жоспарлау бойынша жұмыстар таныстырылды. Әр күн бойынша тағылымдамадан өтушілерге жоспарланған бағдарлама бойынша теориялық және практикалық білім бердік. Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәрбиелік бағыттағы жобаларын жүзеге асыру бойынша сессия ұйымдастырдық, – деді Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары Сәулет Мұқанова.

Назарбаев зияткерлік мектебінде Уәлиханов және Шал ақын аудандарының, сондай-ақ қаладағы гимназиялар мен лицейлердің директорларының орынбасарлары тағылымдамадан өтті. Олардың арасында Шал ақын ауданындағы Кәкімбек Салықов атындағы орта мектебі директорының орынбасары да бар.

– Тағылымдаманың барысында біз тәрбие ісі, оқу ісі, әдістемелік бағытта біраз ақпарат, пайдалы дүние алдық. Алдағы уақытта Назарбаев Зияткерлік мектебінің озық тәжірибесін өзімнің мектебімде пайдаланбақшымын. Мысалы, “100 ән”, “100 кітап” жобалары өте қызықты. Сол дүниелерді біздің мектепте іске асыруға болатынына сенімдімін, – деп бөлісті Кәкімбек Салықов атындағы орта мектебі директорының орынбасары Байназар Молғаждаров.

Тағылымдама педагогикалық шеберлік орталығының «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» кадрлық резерві жобасының аясында өтуде. Барлық кезеңдерден сүрінбей өткен үміткерлер алдағы уақытта босаған мектеп директорының лауазымдарына байқаусыз қабылданатын болады.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz