СҚО-да қызылшаны 49 адам жұқтырды

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Облыста қызылша жұқтырған 77 күдікті анықталып, оның 49-ы зертханалық тұрғыда расталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 49 жағдайдың ішінде үшеуі шетелден келген азаматтардан, 46-сы жергілікті жерде жұқтырғаны анықталды.

– Қызылшаны жұқтырғандардың 60 пайызы, яғни 29 жағдайда науқастардың жасы 17-ден асқандарда анықталды. Жұқпалы дерттің 20 фактісі 14 жасқа дейінгі балаларға белгілі болды. Қауіпті індетке душар болғандардың дені ауруға қатысты вакцина алмаған.
Ал қызылшаға шалдығу фактілерінің географиясына келер болсақ, науқастардың 86 пайызы Петропавлда тұрады. 4 пайызы Мағжан Жұмабаев ауданының азаматтары болса, жекелеген фактілер Аққайың, Айыртау, Мамлют, Қызылжар және Жамбыл аудандарында тіркелді, – дейді СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.

Әсет Жұматаевтың сөзінше, қызылшаны жұқтыру фактілері ҚР Ұлттық ұлан әскери академиясында да тіркелді. Бүгіндері жұқпалы ауруға 14 курсант шалдықты.

– Әскери академияда аурудың таралуына байланысты карантин шаралары енгізілген жоқ. Барлық науқастар дәрігерлердің бақылауында, – деді Әсет Жұматаев.

СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, қызылшаны алдын алудың бірден-бір сенімді жолы – екпе қою.

– Облыста қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау барысында егілуге жататын жоспардан 6,3% (немесе 1661 бала) егілді, оның ішінде 6 айдан 11 айға дейін — 914 бала, 2 жаста — 193 бала, 3 жаста — 179 бала, 4 жаста — 178 бала, 7 — медицина қызметкері (эпидемиялық көрсеткіштер бойынша), 6 қарашадан бастап иммундауды толықтыру барысында 190 балаға екпе егілді, – дейді СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz