Облыста отбасылық-тұрмыстық қылмыстар саны 23%-ға азайды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысындағы уақытша паналау орталығы отбасыларында зәбір көретін әйелдер үшін қауіпсіз орынға айналған. Орталық 20 адамға шақталған. Балалары бар аналар мұнда 6 ай тұра алады. Осы уақытта әйелдер күйеулеріне тәуелді болмай-ақ, қажетті мамандықты меңгеріп, жұмыс табады, психологиялық және заңгерлік көмек алады. Кейбір әйелдер бұл жерге өздері жүгінеді, кейбірін учаскелік полиция инспекторлары жеткізеді.
Тайынша ауданының 36 жастағы тұрғынына күйеуі қысым көрсетіп, үйден қуып шыққан. Ол да басқалары секілді орталық жайында естіп, 4 және 8 жастағы екі балысымен бірге осы жерден пана тапқан. Орталыққа келуге учаскелік инспектор көмектескен.
– Күйеуім маған жиі қол көтереді. Осы уақытқа дейін көз жұмып жүрдім. Үйден кетіп қалып, біршама уақыт өткен соң қайта оралатынмын. Осы жолы учаскелік инспекторға жүгініп едім. Ол тез арада көмектесті. Әйелдерге дұрыс шешім қабылдауға кеңес беремін, – дейді тайыншалық тұрғын.
Маскүнемдіктен емделіп шыққан 23 жастағы петропавлдық та учаскелік полиция инспекторының жұмысына риза. Жас жігіт бұрын атасы мен әжесінің мазасын қашырған. Полиция қызметкері қала тұрғынын мәжбүрлеп емделуге жіберген. Кейін ішімдікті ішуді доғарып, жұмыс тапқан. Тәртіп сақшылары оны “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы мен “Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күні” акциясы шеңберінде өткен рейд барысында тексерді. Отбасыларында түрлі құқық бұзукшылыққа жол бергені үшін жауапкершілікке тартылған азаматтар да бақылауда болды. Келесі бір жағдайда әкесіне күн көрсетпеген баласын полицейлер оқшаулау бөлмесіне қамады. Келесі күні сот шешімімен оған қатысты ерекше талаптар белгіленді. Енді ол алкогольді татып алмайтын болды. Ерекше талаптарды бұзған жағдайда ол үшін қатаңырақ жауапкершілік көзделген.
– Облыста жыл басынан отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған 1874 құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 487 адам әкімшілік қамауға алынды, 279 адамға ескерту берілді, 6 адамға айыппұл салынды. Жанжалқойларға қатысты 2153 қорғау ұйғарымы жазылып берілді. Қорғау ұйғарымын бұзғаны үшін 132 жауапқа тартылды. 10 айдың ішінде осындай күн сайынғы алдын алу жұмыстары отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстарды 23,3%-ға, яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 43-тен 33-ке дейін азайтуға көмектесті, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.