Келер жылы М.Жұмабаев ауданындағы Советское ауылында заманауи тауарлы-сүт фермасының құрылысы жсопарланған. Бұл туралы өңірлік орталық коммуникациялар қызметінде аудан басшысы Қайрат Омаров мәлім етті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
М.Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Омаровтың сөзінше, бүгіндері ауданда 5 тауарлы-сүт фермасы бар. Бұл нысандардың арқасында соңғы 10 айдың ішінде 9,8 мың тонна сүт өндірілді.
– Облыстың тапсырмасы бойынша ауданда сүт пен ет өнімдерін арттыру мақсатында жаңадан тауарлы-сүт фермалары ашылып келеді. Қазіргі уақытта «Полудинское», «Ноғайбай», «Қызылжар МТС», «Нұрсен Агро» және «Үлгілі» жауапкершілігі шектеулі серіктестерінде аталмыш кешендер жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, ұсақ шаруа қожалықтары да мал санын арттырып, сүт өндірісін қолға алды. Жергілікті шаруаларда сүт өңдеу ісінде ілгерлеушілік бар. Өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға өскенін байқадық. Келер жылы Советское ауылында жаңа сүт фермасын ашуды жоспарлап отырмыз. Кешен 1200 ірі қараға шақталмақ. Сондай-ақ «Альжан Жуан» серіктестігі Возвышенка елді мекенінде шошқа базасын салады, — дейді Қайрат Омаров.
Бұдан бөлек, аудан орталығында көкөніс сақтауға арналған қойма тұрғызылмақ. Ол іске қосылса ауыл шаруашылығы өнімінің 2 мың тоннасын сақтауға мүмкіндік тумақ.