СҚО-да боранға байланысты 80 жүк көлігі қар құрсауында қалып қойды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өткен түнде солтүстікқазақстандық полицейлердің, ТЖ және жол қызметтері қызметкерлерінің жұмысы қыза түсті. Бір-екі күн бұрын өңірде ақ түтек боран соғып, жаңбыр жауды, салдарынан көктайғақ орын алды. Барлық бағыттағы жолдар жабылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге СҚО полиция департаменті патрульдік полиция батальонының барлық ауысымдары ғана емес, тіпті бұл бөліністің басшылығы да жұмылдырылды.
«Астана – Петропавл» автожолының Тайынша ауданы арқылы өтетін учаскесі маңайына аялдаған көлік жүргізушілері аз болмады. Ауыр жүк көліктері қатты жел мен көктайғақтың салдарынан дөңес учаскелерге көтеріле алмаған. 27 желтоқсанда таңертең бұл жерге 80-ге жуық жүк көлігі жиналып қалды.
Мамлют ауданында Қостанай қаласынан Петропавл қаласына ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін тасымалдап келе жатқан «Volvo» жүк көлігінің тіркемесі жолдан шығып кеткен. Тіркемені шығарып алу үшін қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыс аумағында бір түнде барлығы 7 автокөлік осындай жағдайға тап болды, олардың барлығы шығарылды. Жабық жолдарда барлығы 159 жүк және 132 жеңіл көлік тұрып қалған. Полицейлер мүдделі қызметтер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері 240-тан астам адамды шығарып алды, бірқатарын жылыту орындарына жеткізді.
Қол созым жер көрінбейтін қарлы боранда полицейлер елді мекендерге 30-40 машинадан құралған 7 автокөліктер легін жеткізді. Мамлют ауданының орталығы Мамлютка қаласындағы білім беру мекемелерінің біріне тамақтанып, жылыну үшін 80-нен астам адам орналастырды. Олардың қатарында Ресейден Тәжікстанға транзит арқылы кетіп бара жатқан автобустың 70 жолаушысы да болды, оның 17-сі балалар.