Облыста жіті респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққандар қатары артып келеді. Бүгінгі таңда жұқпалы ауруға душар болғандардың саны 48 мыңнан асады. Сондай-ақ «А» типті тұмаудың 1 жағдайы тіркелген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
СҚО-да эпидемиологиялық жағдай мәз емес. Бүгіндері ЖРВИ жұқтырғандар саны өсті. Бір аптаның ішінде өңірде ЖРВИ-мен 2511 адам ауырған. Әсіресе 14 жасқа дейінгі балалар арасында вирустық инфекция жұқтырғандар көп. Ол 1456 жағдай немесе 58% пайызды құрап отыр.
— Облыста халықтың 11% тұмауға қарсы вакцинацияланды. Ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасының 60 000 дозасы сатып алынған. Екпе алғандардың басым бөлігі медицина қызметкерлері – 8794 адам, 4479 оқушы, 555 жүкті әйел, 23202 созылмалы ауруы бар адам, – деді СҚО санитарялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.