Өткен жылы «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ облыс аумағына ғарыштық мониторинг жүргізіп, қалдықтарды орналастырудың 274 орнын анықтады. Бұл туралы өңірлік орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында СҚО экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Жаслан Садуев мәлім етті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, қоқыс орналастырылған 274 орынның 198-не қалдық тастауға рұқсат берімелеген, 76-нда белгіленген шекараны бұзу фактілері анықталды.
– Қоқыс полигондары жайлы ақпарат экология департаментінде бар. Өкініштісі, кейбірі шекарадан асып, қалдықтары жер-жерге тасталып, заңсыз кеңейтілді. Біз ғарыштық мониторинг негізінде жауапты тұлғаларды олқылықтарды жоюға тапсырма бердік. Олар барлығын орындады, — деді Жаслан Садуев.
2023 жылы облыс бойынша қалдықтарды рұқсатсыз орналастырудың жолын кесу жөніндегі жоспарды орындау мақсатында мобильді жұмыс топтары құрылды. Нәтижесінде бұл топқа кіретін департамент қызметкерлері Петропавл қаласы бойынша 34, Қызылжар ауданы бойынша 13, Жамбыл ауданы бойынша 1, Есіл ауданы бойынша 1, Мамлют ауданы бойынша 12 рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастыру орындарын анықтады.
– СҚО ПД мәліметіне сәйкес, 2023 жылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша 28 азамат әкімшілік жауапқа тартылды. Оларға жалпы сомасы 621 000 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түрінде жаза қолданылды. Бүгінгі күні қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастырудың 453 объектісі бар, оның ішінде 344-ке жер актілері ресімделгенін және қатты тұрмыстық қалдықтардың 11 полигонында ғана тиісті рұқсат құжаттамасы бар екенін атап өткім келеді, — дейді Жаслан Садуев.