Петропавлдағы Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімінде әскер қатарына шақыртылғандар әскери ант қабылдады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығында орналасқан әскери бөлімге Отан алдындағы борышын өтеуге еліміздің түкпір-түкпірінен ер азаматтар келген. Биыл Ұлттық ұлан қатарына 187 сарбаз қосылды. Енді олар қоғам тыныштығын сақтау мақсатында Петропавл көшелерінде кезекшілікке шығып, өңірдегі түзеу мекемелеріндегі тәртіпті қамтамасыз етуге атсалыспақ.
– Сайдың тасындай іріктелген сарбаздардың дені Қостанай, Көкшетау, Астана мен Қарағандыдан келді. Олар бір жыл көлемінде Отан алдындағы борыштарын өтейтін болады. Салтанатты ант қабылдау рәсіміне жауынгерлердің ата-аналары, туыс-жақындары шақыртумен келді. Бұл сәт естерінде мәңгілікке сақталады, — дейді ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлім командирінің орынбасары Шухрат Әшімов.