Облыста көмір бағасы 12 пайызға қымбаттады. Қатты қара отынның бір тоннасы 12-19 мың теңге бағаға сатылып жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Qazaqstan.tv арнасына сілтеме жасап.
Облыс аумағында халықтың тұрмыстық қажеттіліктері үшін көмір сататын арнайы 32 орын бар, оның 4-еуі Петропавлда орналасқан. Қатты отынды бөлшек саудада 24 кәсіпорын сатады. Тұрғындар болса, амалдың жоқтығынан қымбат болса да, көмірді алуға мәжбүр.
Өңір тұрғындары жылыту маусымында орта есеппен 419 мың тонна көмір тұтынады. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қатты отынның қоры жеткілікті. Мониторинг жүргізген мамандар бағаның қымбаттауы бірнеше факторға байланысты екенін айтады.
— Кен орындарының өзінде көмірді сатып алу бағасы өсті. Теміржол тарифтері де шарықтап кетті. Сондай-ақ еңбекақы да артты. Осының барлығы бағаның өсуіне алып келді, – деп түсіндірді бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті басшысының міндетін атқарушы Аслан Әлібаев.