Петропавлдағы автобус паркі су жаңа көліктермен толықты. «Dongfeng» маркілі техника №31 қоғамдық бағыты бойынша жолаушыларды тасымалдайды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2021 жылдан бері Петропавлда жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар 100 жаңа автобус сатып алып, автопарк 51 пайызға жаңартылды. Өткен жылы «Kyzylzhar Buses» ЖШС 10 көлікті жолға шығарып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсете бастады.
– Биыл біз «Dongfeng» маркілі 5 автобусты сатып алдық. Қытайлық техника елімізде құрастырылған. Енді бұл көліктер №31 бағыт бойынша желіге шықты, — дейді «Kyzylzhar Buses» ЖШС директоры Бауыржан Құсайынов.
Күн сайын қалада 18 бағыт бойынша жолға 185 автобус шығады.