СҚО әкімі бөгеттердің жағдайын тексеріп, жеке сектордан қар шығаруды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ойқала, Былғары кенті және Тепличное мен Прибрежное ауылдарындағы бөгеттердің жағдайын тексерді. Өңір басшысының айтуынша, қазірдің өзінде тасқынға толық дайын болу керек. Ол үшін іс-шаралар жоспарын жасап, жабдықпен қамтамасыз етіп, инертті материалдарды жинау қажет. Сонымен қатар, аймақ жетекшісі қардан тазалау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Қарашадан бері Петропавлдан 550 мың текше метр қар шығарылды, мердігерлер күн сайын облыс орталығының көшелерінен 11 500 мың текше метр қар жинауда.
— Қазір бұл көрсеткішті тағы өсіру керек. Кем дегенде екі ауысыммен жұмыс жасаған абзал, әсіресе жеке секторда. Бұл тек негізгі көшелерге ғана емес, жеке үйлерді су басу қаупі жоғары шағын көшелерге де қатысты, — деді СҚО әкімі.