«Жастар рухы» жастар қанаты «BIRGEMIZ» акциясы аясында жалғызбасты аналардың, мүгедек жандардың және зейнеткерлердің үй маңын қардан тазартты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Еріктілер бірінші кезекте су басу аймағындағы жеке үйлердегі зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға және ерекше күтімді қажет ететін адамдарға көмектесті.
– Қала аумағында «Ойқала», «Береке» шағынаудандары, Жұмысшы, Заречный, Солнечный-2 сынды кенттер су басу қаупі бар аймақта тұр. Оқыс оқиғаның алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды күшейттік. Аулаларды аралап, тұрғындарға жадынамалар таратамыз. Сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдеріне аумақтарын қарды тазалау қажеттігі туралы ескертеміз, — дейді «Жастар рухы» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Біржан Құдайбергенов.
Акцияға облыстық төтенше жағдайлар департаменті және Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі де үн қосты. Жалпы маңызды шараға өңір бойынша жастар ұйымдарынан 50-ге жуық ерікті тартылды. Еріктілер профилактикалық жұмыс аясында 10 мыңнан астам аулаға бас сұққан.
«Қазгидромет» филиалының мәліметіне сүйенсек, облыстың басым бөлігінде қардың биіктігі мен қар жамылғысындағы су қоры былтырғы жылмен салыстырғанда көп. Қазір өңірде қар жамылғысының биіктігі нормадан орта есеппен 10 см-ге асады. Қаңтар айының соңындағы жағдай бойынша облыста 87 елді мекен су басу қаупі бар аймақта тұр.