Астанада белбеу күресінен ел біріншілігі өтті. Жарысқа өңіріміздің балуандары қатысып, үш жүлделі орынға қол жеткізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Биылғы чемпионатта үш бірдей жерлесіміз қанжығаларын майлап қайтты. Ерлер арасында 57 килограмм салмақ дәрежесінде Тобыл Қорғанбаев финалда қарсыласына жол беріп, күміс медальді қанағат тұтты. 68 килограмда Рахат Амангелдин де ақтық сында ғана жеңіліп, екінші орынды еншіледі. Қос балуанның көрсеткен нәтижесі арқасында енді спортшылар биыл Моңғолияда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғамақ.
Қыздар қатарында белдескен Кристина Артюхова ел біріншігінде қола медальға қол жеткізді. Жерлесіміз үшін келер сын Азия чемпионаты болмақ. Белбеу күресінен облыс командасының аға жаттықтырушысы Уәлихан Дәуренбековтың айтуынша, жарыс алдағы халықаралық сайыстарға қатысуға мүмкіндік берді.
– Ел чемпионатында жүлдегер атану қиын. Дегенмен шәкірттерім барлық тапсырмаларды орындап, екінші және үшінші орындарды иеленді. Алдағы уақытта әлем және Азия біріншіліктерінде топ жаруға тырысамыз, — дейді Уәлихан Дәуренбеков.