Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Әдеп жөніндегі кеңестің  кезекті отырысында  бірнеше мәселе қаралды. Алдымен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Асқар Хабибулиннің мекемедегі қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары, теріс қылықтар мен қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтарды болдырмау  туралы есебі тыңдалды.  Асқар Ережепұлы  мемлекеттік органдағы ағымдағы кадрлық ахуал, сыбайлас жемқорлық көріністерінің тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған шараларға тоқталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.

Уәлиханов ауданының  әдеп жөніндегі уәкілі Талғат Сағитов  мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу  саласындағы ағымдық жұмыстармен таныстырды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексінің, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын қатаң сақтау  жүйелі түрде  түсіндіріліп, консультациялық көмектер  көрсетіліп тұрады.

Облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің аға прокуроры Талғат Байматов өз сөзінде 2023 жылы мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін және түрлі себептермен мемлекеттік қызметтен босатылған 26 мемлекеттік қызметшінің орталықтандырылған есепке қойылғанын жеткізді.

Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басқарма  басшысы Гүлнар Жусалина  жергілікті атқарушы органдарда «Е-қызмет» БАЖ-де электрондық жеке істерді қалыптастыру жағдайы туралы айтып берді. Оның ақпаратына сәйкес, былтыр  1435 жеке іске қашықтан мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде 2023 жылдың 4 тоқсанында мемлекеттік қызметшілердің электрондық жеке істерінің 141-де кемшілік анықталып, түзетілген. Биыл бірінші тоқсанда тіркелгені– 230.  Көбіне өмірбаян деректерінің электрондық жеке істен алынған мәліметтерге сәйкес келмеуі, дипломға қосымшалардың, декларациялардың, оқудан өту сертификаттарының болмауы сияқты олқылықтар тән.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері  талқыланған  мәселелер бойынша баяндамашылардың ақпаратын тыңдағаннан кейін  тиісті шешімдер қабылдап, жүргізіліп жатқан жұмысты жетілдіру бойынша бірқатар ұсынымдар берді.

Жиында Аққайың ауданы Астрахан ауылдық округінің әкімі Руслан Қабатаевтың мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасау фактісі бойынша тәртіптік іс қаралды. Ол актіде  көрсетілген жұмыстар орындалмаса да,  1 361 607 теңге қаражатты  «Компания KZO11 ЖШН-не» аударып жіберген. Сөйтіп  «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» Заң талаптарын өрескел бұзып,  құқыққа сыйымсыз қолдау көрсеткен.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері  қызметтік тергеу материалдарын  жан-жақты зерделей келіп,  шенеунікті  атқарған лауазымынан босату түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz