Криминалдық полиция қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары 1 апта бойы халық көп жиналатын орындарды тексерді. Әсіресе, қонақ үй, монша кешендері мен ойын-сауық орындарына баса назар аударылды. Рейд нәтижесінде облыстағы 2 саунада жеңгетайлық фактілері анықталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары сауда орталықтарының маңын, базарлар мен вокзалдарда да тексеріс жүргізді.
– Облыста өткізілген “STOP-трафик” жедел-профилактикалық іс-шарасының мақсаты — адам саудасымен, сексуалдық сипаттағы қызметтер көрсетуге мәжбүрлеу және еңбекке тартумен байланысты қылмыстарды анықтап, жолын кесу. Егер де осындай фактілер туралы қандай да бір ақпарат белгілі болған жағдайда 116-16 адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі “қызу желіге”, “102” арнасына немесе “102” мобильді қосымшасына хабарлауды сұраймыз, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.