СҚО-да нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жылдарында 34 288 жас жұмысқа орналастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік жұмыс орындарына 46, жастар тәжірибесінен — 123, қоғамдық жұмыстарға — 188, халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы тұрақты жұмыс орындарына 640 адам орналастырылды. Облыста жастар үшін бос орындар жәрмеңкесі өткізіледі. СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченконың айтуынша, былтыр колледж бітірген 3 317 түлектің тек 72%- ы ғана жұмысқа тұрған. 139-ы орын таппаған.
-Былтыр колледж бітірген тауартанушылар мен фармацевт көмекшілерінің 100 %-ы жұмысқа орналасқан. Құрылысшы-техниктердің 98%-ы, дәрігер көмекшісі-зертханашылардың 96 %-ы, ветеринария санитарларының 81%-ы, техник-электриктердің 86%-ы, құрылыс жұмысының шебері мамандығы бойынша түлектердің 88%-ы жұмыс тапқан. Ал дизайнерлерге сұраныс төмен, тек 29 %-ы, тепловоз машинистінің көмекшісі — 42 %, бағдарламашы-техниктер — 44 %, жол инспекторларының 40 %-ы ғана қызметке орналасты. Ерекше оқу қажеттілігі бар 19 адам омарташы мамандығын алып шықты, олардың 16-сы жұмыспен қамтылды, — деді Владимир Ткаченко.
Оның айтуынша, еңбекақының аздығы, жұмысқа алуға міндеттейтін норманың болмауы және жұмыс орындарының аздығы колледж түлектеріне жұмысқа орналасуда қиындық тудырады.
Фото: ашық дереккөздерден