Мұржаны құлатуға 150 миллион теңгедей қаржы жұмсалмақ, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Биіктігі 100 метр болатын мұржаны Өскемен қаласынан келген арнайы мамандар әзір қолмен бөлшектеуде. Төменгі жағындағы 30 метрі техниканың көмегімен бұзылады. Қазір жылу орталығының аумағы қоршалып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Жұмыстар тамыз айына дейін жалғасады. 2 айдан астам уақыт бойы жүргізілген сараптама қорытындысы оны қайта қалпына келтіру мүмкін еместігін көрсеткен. Апатты мұржаның орнына жаңасы тұрғызылады. Жалпы наурыздың 20 –ы күні қаладағы жылу электр орталығында №1 мұржаның 60 метрі опырылып түскен болатын. Төтенше жағдай кезінде 1984 жылғы машинист –қараушы әйел үйіндінің астында қалып, мерт болды. Аталған фактіге қатысты прокуратура қылмыстық іс қозғап, бірнеше адам қамауға алынды.
-Тамызға дейін бәрін бұзып үлгеруіміз қажет. Өйткені тағы 1 ай уақыт аумақты темір –бетон үйінділерінен тазартуға кетеді. Бірінші мұржаға қосылған қазандықтарды қазір біз басқаларына ауыстырып жатырмыз. Жылыту маусымына дейін сәтін салса, 9 қазандық жұмыс істейтін болады. Алдын ала болжам бойынша аталған түтін мұржасын бұзуға шамамен 150 миллион теңгедей қаржы жұмсалмақ. Мұнымен қоса екінші мұржаға да қазір жөндеу жүргізіліп жатыр. Жаңасы алдағы уақытта тұрғызылады. Оның жобасы есептеліп жатыр. Биіктігі шамамен -200 метрдей болады. Қазір стратегиялық нысанда барлығы 400 адам жұмыс істеп жатыр, — дейді Петропавл жылу электр орталығы директорының міндетін атқарушы Дмитрий Захаров.
Фото: ашық дереккөздерден.