Қазіргі таңда Петропавлда бірнеше көше жөнделуде. Жұмыс барысы туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі ақпарат таратты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметтері бойынша Алтынсарин көшесі бойында, Партизан көшесінен айналма жолға дейінгі учаскеде жол құрылысы аяқталуда. Шаруа былтыр басталған еді.
— 20 маусымнан бастап жөнделіп жатқан учаскеде асфальтбетон төселуде. Учаске шамамен 1 тамызда пайдалануға беріледі,- деді бөлім басшысы Самат Ақжігітов.
Ал Горький көшесінде жол 15 м-ге дейін кеңейтіліп, тротуарлар жасалып, 92 жарық бағаны орнатылады. Сонымен қатар Громовая көшесі бойынша Ыбыраевтан Малая көшесіне дейінгі учаскеде жолдың жүру бөлігі 7 м-ге дейін кеңейтіледі, екі жағына тротуар салынып, кәріз желісі орнатылады. Жоба құны — 165,3 млн теңге. Учаске 1 қыркүйекте пайдалануға береді.
Жұмабаев көшесінің Володарский көшесінен Пионерская көшесіне дейінгі бөлігі де жаңартылып жатыр. Жалпы қала көшелерінің 4,8 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтар болсақ, Бөкетов, Назарбаев, Кошуков, Парк және Брусиловский көшелерін жөндейді. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 200 млн теңге бөлінді.
Петропавл көшелерін көктемгі тексеру кезінде 27 көшеде 11,1 мың шаршы метр апатты шұңқыр анықталды. Қала көшелеріндегі шұңқырларды жамау жұмыстарын жүргізуге «Грандо» ЖШС-мен 27 млн. теңгеге шарт жасалды.