СҚО полициясына «102» қосымшасы арқылы 427 хабарлама түсті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Тұрғындар полицейлерге «102» мобильдік қосымшасы көмегімен текст түріндегі хабарламаларды, аудио жазбаларды жіберіп, тәртіп сақшылармен бейнебайланысқа шығу мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ ұялы телефонға орнатылған бағдарлама арқылы Telegram мессенджерінің ботына хабарламаларын жібере алады. Алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай, ел азаматтары көзге іліккен қылмыстар мен құқықбұзушылықтар жөніндегі хабарларды көбіне әлеуметтік желілерге жүктеуге асық. Мұндай әдіс полицейлердің жедел әрекет етуіне тосқауыл болып, жұмысын тежейтіні сөзсіз.
Ал «102» қосымшасына түскен хабарламалар бірден жедел әрекет орталығында тіркеліп, осылайша мамандар өтініш берушілерге жылдам ресми жауап дайындайды.
– Облыстық полицияның «102» сервисіне бір тәуліктің ішінде 10 шақты хабарлама түсті. Басым бөлігі автокөлік жүргізушілерінің жол ережелерін бұзу фактілеріне қатысты. Жалпы жыл басынан бері қосымшаға 427 хабарлама түсіп, оның 25-сінде тұрғындар бейнебайланыстың көмегіне жүгінді, – дейді СҚО полиция департаментінің бөлім бастығы Михаил Золкин.
Қаңтардан бері полиция департаментіне тұрғындардан 85 мың 300 қоңырау түсіп, оның 19 мың 810-ы орын алған алған қылмыстар мен оқиғалар жөнінде хабарласты. Жедел әрекет ету орталығының инспекторлары бейнекамераға жазылған 10 мың 337 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.
Фото: ашық дереккөздерден.