Энергетика министрі Болат Ақшолақов жанармай құю бекеттерінде дизель отынын сатып алушылардың деректерін тексеретінін айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Транзиттік автомобильдердің қазақстандық арзан дизель отынын тұтыну көлемінің қысқаруына және ағынына жол бермеу үшін Энергетика министрлігі Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен бірлесіп 2022 жылғы тамызда бұйрық қабылдады, оған сәйкес дизель отынына шекті баға 450 теңгені құрайды. Бұл ретте жүргізуші куәлігін және қазақстандық үлгідегі техпаспортты көрсеткен кезде өңірге байланысты бір литріне 230-260 теңгеден құюға болады, деп атап өтті Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Министрдің айтуынша, жеке автокөліктер үшін мұндай баға бойынша күніне 100 литр, жүк көлігі үшін – 300 литр лимитті құрайды.
— Қазір министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп техникалық шешімдерді әзірлеуде. Бұл шешімдер тұтынушылардың деректерін тіркеу, дизель отынын босату үшін, отынның осы түрін жергілікті жерлерде босату кезінде мүмкін болатын қулықтарды жою үшін бағытталған. Қыркүйек айының ортасында біз бұл модульді автожанармай құю станцияларының барлық желілері үшін іске қосамыз, деп түйіндеді Болат Ақшолақов.