СҚО-да бір сағат ішінде қараусыз жүрген жылқының кесірінен екі жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Есіл ауданында полицейлер Корнеевка ауылының маңында қайғылы жағдайға себеп бола жаздаған жылқының иесін іздестіруде. Түн ортасында 42 жастағы жергілікті тұрғын Audi автокөлігімен қараусыз жүрген жылқыны соққан. Жүргізуші аман қалып, жараланған жануар қашып кеткен. Иесі ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша қараусыз қалдырғаны үшін айыппұл төлеуі мүмкін.
Жарты сағаттан кейін, 3 қазан күні сағат 00:30 шамасында облыстың басқа ауданында табыннан бөлініп кеткен жылқы Lexus автомашинасының астына түскен. Жол-көлік оқиғасы Аққайың ауданында тіркелді. Жүргізуші мен оның әйелі зардап шеккен жоқ, жануар сол жерде мерт болды. Бақташыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, жаза – 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл.
– Малды қараусыз қалдырудың әрбір фактісі қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін. Қыркүйек айында бұндай оқиғалар Тайынша және Ақжар аудандарында да болды. Жергілікті полиция қызметінің мамандары ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Күн сайын қараусыз жүрген малдар табылады. Облыста бақташысы жоқ малды қамауға арналған 230 қора бар. Оларға биылдыққа 9766 мал қамалып, 3480-інің иесіне айыппұл салынды, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
9 айдың ішінде СҚО жолдарында мал соғудың 24 дерегі тіркелді. Полицейлер ауыл тұрғындарынан төрт түлігін қараусыз қалдырмауды сұрайды.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі