Солтүстік Қазақстан облысына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов келіп, қоғам өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, агенттік төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасында көрсетілген халық үшін аса маңызды проблемаларға тоқталды. Бұл мәселелерді жоюда жергілікті атқарушы органдар облыстық департаментпен өзара әрекет етіп, жұмыстарын қорытындылады. Нәтижесінде өңір үшін жемқорлығы басым 3 сала анықталды, олар: жолдар мен инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, экономика және қаржы.
– Ауыл шаруашылығына үнемі субсидия және несие беріледі. Сондықтан оларды үлестірерде сыбайлас жемқорлыққа жол берілуі мүмкін. Қаржы мен экономика, жол және инфрақұрылым салаларында да бармақ басты, көз қысты әрекеттер көп кездеседі. Оны инженерлік желілер мен жол сапасына қарап бағамдауға болады. Сондай-ақ тұрақтандыру қорының жұмысына қатысты да көптеген мәселелер туындайды, — деді Дмитрий Малахов.
Дмитрий Малахов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тек қылмыстық істерді қозғау мақсатын көздемейтінін, ең бастысы – азаматтар үшін бюджет есебінен салынып жатқан нысандарды сапалы тұрғызу және белгіленген мерзімде тапсыру екенін атап өтті. Соңғы жылдары СҚО-да сыбайлас жемқорлық фактілері азайған. Бұл жалпы республикалық тенденция. Қоғамдық бақылау шаралары осылайша өз жемісін беріп жатыр. Өйткені, бүгіндері белсенді азаматтар жол салу, су тарту және құрылыс жұмыстарын қадағалап, тіпті мемлекеттік сатып алуларды тексеріп отырады.
– Біз қарамағындағылардың әрекеті үшін басшылары жауапкершілікке тартылуы тиіс деген позицияны ұстанамыз. 2020 жылы облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев және Ақжар ауданының әкімі Ербатыр Мадьяров өз қызметтерінен босатылды. Өткен жылы өңірде 9 ай ішінде сыбайлас жемқорлықтың 83 фактісі тіркелсе, биыл 38 дерек анықталды. Бұл алдын алу жұмыстарының нәтижесі деп білеміз, — деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.