СҚО-да Сібір елігін атқан төрт ер адам ұсталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының полициясына Kia Sorento жол талғамайтын көлігін мінген бейтаныс адамдардың Жалтыр көлі маңында жануарлардың етін мүшелеп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы оқиға орнында төрт ер адамды ұстады. Анықталғандай, ұсталғандар екі сібір елігін атып алған. Тексеру барысында полиция қызметкерлері оқиға орнынан екі пышақ, Вепрь маркалы карабиндер, тегіс ұңғылы мылтық, патрондар тәркіледі. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 337-бабының 4-бөлігі (Заңсыз аңшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сараптамалар тағайындалды. Істің мән-жайын жан-жақты зерделеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады.