Солтүстік Қазақстан облысында есірткімен байланысты ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 30 адам бас бостандығынан айырылды, олардың ішіндегі 20-сының жасы 25-ке де толмаған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жақында Петропавлдың 24 жастағы екі тұрғынына қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Олардың біреуінің қылмыстық әрекеті бір айға жуық жалғасқан. Ұстау кезінде полицейлер күдіктіден тұрғылықты жері бойынша «тұз» атауымен белгілі 17 түйіншекке салынған синтетикалық есірткіні тәркіледі. Жігіт енді алдағы 10 жылын түрмеде өткізеді, апелляцияға жүгінгенімен сот үкімін өзгерткен жоқ.
Екіншісінен «тұз» деп аталатын есірткі салынған 174 түйіншек тәркіленді, ол кінәсін бірден мойындады. Есірткі таратушыларды жұмысқа қабылдау туралы хабарландыруды жігіт интернеттен көрген. Қомақты, әрі оңай ақшаға қызығып, тыйым салынған заттарды таратуға келіскен. Алайда, 2,5 ай бойы «жұмыс» істеп, үлкен табысқа қол жеткізбеген, бұл әрекеті тек 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына әкеліп соқты.
- Кей жігіттер қылмыстық жауапкершілікке тек «есірткіні салып кетушілер» ғана тартылады деп ойлайды. Олар интернетте есірткі сататын дүкендерді ашып, синтетикалық есірткілерді жасаумен айналысады. Бұл да заңға қайшы. Биыл облыста осындай интернет-дүкенді ұйымдастырғаны үшін 7 адам сотталды, — дейді СҚО Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Полицейлер жастарды қылмыстық әрекеттің салдарын ескеріп, жеңіл табыс үшін тағдырларын немқұрайлы қарамауға шақырады. Синтетикалық есірткілер дене және психикалық денсаулықты басқа есірткілермен салыстырғанда жылдам бұзады.