Солтүстік Қазақстан облысының статистика департаменті өңірдегі әр түрлі саладағы басшылар мен қызметкерлердің қандай жалақы алатынын есептеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросы департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жалақының құрылымы мен бөлінуін бақылау үшін сәуір айы таңдалды. Барлық ірі кәсіпорындар мен таңдамалы орта және шағын кәсіпорындар зерттелді. Сәуір айында толық жұмыс істеген қызметкерлер саны 90,8 мың адамды құрады. Олардың ішінде 53% — дан астамы әйелдер. Осы кезеңдегі орташа айлық атаулы жалақы 207 671 теңгені құрады.
Статистер сәуір айында әрбір сегізінші қызметкер 75 мың теңгеге дейін жалақы алғанын, әрбір алтыншы қызметкердің 105 мыңнан 150 мың теңгеге дейін жалақы алғанын анықтады. Басшылардың жалақысы орта есеппен 323 мың теңгені, мамандардың жалақысы – 270 мың теңгені, маман-техниктердің жалақысы – 199 мың теңгені, фермерлер мен ауыл шаруашылығы жұмысшыларының жалақысы – 184 мың теңгені, өнеркәсіп, құрылыс және көлік – 164,5 мың теңгені, жүргізушілердің жалақысы – 165 мың теңгені, біліктілігі жоқ жұмысшылардың жалақысы – 91,2 мың теңгені құрады. Статистер жоғары білімі бар солтүстікқазақстандықтар ай сайын орта есеппен 282,7 мың теңге, орта білімі барлар 146,6 мың теңге алатынын атап өтті.