Петропавлдағы М. Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінде жылуды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бірер күн бұрын ата-аналар жаңадан ашылған оқу орнының суықтығын айтып, шағымданған еді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавлдағы М.Жұмабаев атындағы ІТ мектеп-лицейі аязға төтеп бере алмады. Күн суытқанда ғимараттың кей бөлмелерінде ауа температурасы +15 градусқа дейін төмендеген. Бүрсең қаққан балаларын аяған ата-аналардың бірі бұл мәселені әлеуметтік желіде көтеріп, шағымданған еді. Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Петропавлдағы аталған білім ордасында жылу тапшылығын жоюға қатысты жұмыстардың қолға алынғанын хабарлады. Департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов оқу орнына барып, мәселемен танысты. Жылу жүйесін тексеру кезінде жылу торабы штаттық режимде жұмыс істейтіні анықталғанымен, бұрышта орналасқан сыныптарда температураның 15 градусқа дейін төмендеуіне әсер ететін бірқатар кемшіліктердің де жоқ еместігіне көз жеткізілді.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары, құрылыс басқармасы мен мердігер ұйымның басшылығы қатысқан талқылау барысында қалыптасқан проблеманы түзету бойынша бірқатар нақты тапсырма берілді.
— Балалар ауыру үшін емес, білім алу үшін мектепке барады. Мердігер ұйымдар қысқа мерзімде кемшіліктерді жойып, сабақтарды өткізу үшін қолайлы температураны қамтамасыз етуі қажет. Ол үшін барлық қажетті шараны қабылдауы тиіс. Бұл мәселені сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ерекше бақылауда ұстайтын болады, — деді Айдос Жүнісов.
Айта кетейік, 900 оқушыға шақталған М. Жұмабаев атындағы ІТ мектеп-лицейін 2021 жылы «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» КММ тапсырысы бойынша «Құрылыс — Сервис СК» ЖШС салды.