Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаровтың аудандарға сапары жалғасып жатыр. Бұл жолы өңір жетекшісі Тимирязев және Шал ақын аудандарында болып, тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді. Бірқатар спорттық және әлеуметтік нысандарды аралап, аудан басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың Тимирязев ауданына жасаған сапары «Aq sunqar» деп аталатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралаудан басталды. Заманауи спорт нысаны осы жылдың мамыр айында қолданысқа берілген. Оған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 523 миллион теңге қаржы құйылыпты. Бүгінде мұнда тұрғындар волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі сынды спорт түрлерімен шұғылданады. Сондай-ақ, фитнес, күреске арналған зал да бар. Спортшылармен білікті мамандар айналысады.
Облыс әкімі аудан орталығындағы жабық хоккей кордына да барды. Бұл спорт нысаны былтыр пайдалануға берілген. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 95 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Айдарбек Сапаров алдағы уақытта да спортқа ерекше көңіл бөлу керектігін айтты. Бұдан соң, өңір жетекшісі аудан әкімшілігінде тұрғындармен кездесу өткізді. Алдымен аудан әкімі Ерлан Жаров әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндап берді. Ауданда көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Мәселен биыл жолдарды орташа жөндеуге 135 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған екен.
Облыс әкімі ауылдардан адамдардың көшіп кетуі өзекті проблемалардың бірі екенін баса айтты. Тек соңғы 4 жылда аудан орталығынан 2 мың адам басқа жаққа қоныс аударған. Қазір 4 мың тұрғын түтін түтетіп отыр.
-Осылай жалғаса беретін болса, аудан жабылады. Шынын айту керек. Халық көшпеу керек. Бұл үлкен мәселе. Бұны шешуіміз керек. Сіздерді барлықтарыңызды осыған шақырамын. Оянып бірге, не жасаймыз деп үлкен жоспар құрайық. Осы ауданды сақтауға тырысайық бәріміз. Соған сіздер барлықтарыңыз кірісіңіздер. Жалғыз ауданның қолынан келмейді. Облыстан мен көмектесейін. Бірақ сіздер жақтан шығу керек. Жігіттерді ояту керек, жұмыс жасайық, жұмысқа барыңдар деп. Көп ауылдарда жұмысқа да кірмейді.» ,- деді Айдарбек Сапаров.
Ауылдарды сақтап қалу үшін алдымен жол, су мәселелерін шешу керек. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде қоғамдық көлік қатынасын жандандыру қажет,-деді әкім. Бұл проблемамен тек аудан басшылығы ғана айналыспай, жергілікті тауар өндірушілер де өз үлесін қосуы керек.
—Бүгінде тауар өндірушілерге жақсы қолдау бар. Тек, Тимирязев ауданының кәсіпкерлері мемлекеттен шамамен 4 миллиард теңге субсидия алған. Сондықтан кәсіпкерлер өз туған жерлеріңізге көмектесулеріңіз керек. Сіздер өз үлестеріңізді қоссаңыздар, ауылдан ешкім көшпейді. Мықты, білікті мамандар қалады. Елді мекендер өсіп-өркендейді. Мен бәріңізді осыған шақырамын, деді Айдарбек Сапаров.
Келер жылы Тимирязев ауданы өзінің 60 жылдығын тойлайды. Облыс әкімі мерейтойды жоғары деңгейде атап өту керектігін айтып, аудан басшысына нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұдан кейін Айдарбек Сапаров Шал ақын ауданына барды. Ең алдымен өңір жетекшісі аудан жұртшылығымен кездесу өткізді. Аудан әкімі Рахат Смағұловтың есебін тыңдады. Оның айтуынша, екі жыл ішінде аудан бюджеті екі есеге өсіп, 6,7 миллиард теңгені құраған. Қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталыпты.
—Өткен жылы тұрғын үй құрылысы саласында 8500 шаршы метр баспана қолданысқа берілді. Былтыр Сергеевка қаласының кіреберісіндегі 46 пәтерлік үйді қалыпқа келтірдік. Бұл пәтерлердің барлығы кезекте тұрған көп балалы аналар, мүгедектер мен жетім балаларға берілді. Ал биыл аудан орталығында 27 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. 50/50 бағдарламасы бойынша жергілікті өндірушілер есебінен жеке тұрғын үйлердің де құрылысы жүруде. Жалпы биыл 7 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа тапсырылды. Бұл жұмыс тоқтамайды, — деді Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов.
Жиын барысында аудандағы ауыл шаруашылығы саласы, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау және жол мәселелері талқыланды. Ауданда шамамен жарты миллиард теңге игерілмей қалған. Айдарбек Сапаровтың сөзіне қарағанда, мұндай олқылыққа жол бермеу үшін дұрыс жоспар құру қажет.
— Бір жерде ақша жетпей жатыр, бір жерде ақшаны игере алмай жатыр. Ендігі жылы мұндай болмау керек. Мен мұны қатты бақылауға аламын. Өйткені, дұрыс жұмыс жергілікті жерде қаржы бергеннен кейін оны жасау керек, — деді Айдарбек Сапаров.
Аудандағы білім деңгейі де көңіл көншітпейді. Облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтің айтуынша, аудан түлектерінің Ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа көрсеткіші – 66 балл. Бұл- облыстық деңгейден әлдеқайда төмен. Бүгінде мектептер мен педагогтарға қажетті жағдай жасалған. Облыс әкімі аудандық білім басқармасының басшысына осы мәселені жіті бақылауына алуды тапсырды. Айдарбек Сапаров кездесу соңында аудан тұрғындарынан түскен әр сұрақты өз бақылауына алатынын жеткізді.
Бұдан кейін Айдарбек Сапаров аудан орталығындағы «Өркен» өнер мектебіне барып, оның жұмысымен танысты. 500 орынға шақталған нысан 1961 жылы пайдалануға берілген. 2020 жылы күрделі жөндеу жүргізілді. Бүгінде мұнда балалармен 17 педогог айналысады. Облыс әкімі ұстаздарға алғысын білдіріп, мектеп жұмысына сәттілік тіледі.
Фото: ашық дереккөздерден.