СҚО-да экологтар профилактикалық бақылау жүргізу мақсатында Петропавл 2-ЖЭО-дағы күл үйіндісі секциясына, «Рощинка» карьеріне барды. Нәтижесінде 16 бұзушылық анықталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Экология департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұзушылықтардың қатарында қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттармен белгіленген табиғат пайдаланудың міндетті шарттарын орындамау, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс — шаралар жоспарының орындалуы туралы жыл сайынғы есептерді ұсынбау бар.
— Түтін мұржасына қайта қосу мақсатында жаңа газ құбырларын бөлшектеу және салу жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізудің міндетті талаптары орындалмаған. Қауіпті қалдықтарды қауіпті емес қалдықтармен араластыруға, құрылыс қалдықтарын басқару жөніндегі операцияларды жүзеге асыру кезінде экологиялық талаптарды бұзуға жол берілді, — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Заңды тұлғаға жалпы сомасы 4,7 млн. теңгеден астам тоғыз әкімшілік айыппұл салынды.
Фото: ашық дереккөздерден.