СҚО полицейлері жүкті әйелді қызметтік көлікпен перзентханаға жеткізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Сәуір айының алғашқы күндері сағат 19:00 шамасында «Оңтүстік» бақылау-өткізу пунктінің жанына «ВАЗ-2114» көлігін тізгіндеген Есіл ауданының Ясновка ауылының тұрғындары тоқтады. Полиция қызметкерлеріне босанғалы жатқан 21 жастағы қыздың анасы келіп, тәртіп сақшыларынан көмек сұраған.
Әйелдің айтуынша, олар облыстық перинаталдық орталыққа асығып бара жатқан. Алайда жүргізуші оған баратын жолды білмеген. «Жезқазған – Петропавл» автожолының учаскесін патрульдеп жүрген СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Жомарт Тасбаев пен Игорь Семин жас келіншек пен оның анасын қызметтік автокөлікке отырғызып, дереу орталыққа жолға шықты.
– Ауыл тұрғындары бізге дер кезінде жүгінді, жас ананы толғақ қыса бастаған. Біз жарқылдауық маяктар мен арнайы дыбыстық сигналды қосып, қаланың ішімен тезірек жетуге тырыстық. Жанымдағы әріптесім жолда осы оқиға жайлы кезекші бөлімге және перинаталдық орталыққа хабарлады. Онда бізді медицина қызметкерлері қарсы алды. Бірнеше минуттан кейін бізге жас келіншектің анасы хабарласып, дүниеге қыз бала келгенін айтты, – дейді Игорь Семин.