Облыстық полиция департаментінің басшылығы ішкі істер органдарының ардагері Геннадий Селищевті 75 жас мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Геннадий Селищев 1948 жылы 1 қазанда Қорған облысында туған. 1967 және 1971 жылдар аралығында Омбыдағы жоғары милиция мектебінде оқыған. Оқуын аяқтаған соң 10 жыл бойы Петропавл станциясындағы желілік милиция бөлімінде қызмет атқарған. Қылмыстық іздестіру қызметінің инспекторынан милиция бөлімінің бастығы лауазымына дейін көтерілген. Кейін Геннадий Селищев еңбекпен түзету колониясында отряд бастығы, облыстық милицияның қылмыстық іздестіру қызметінде, ақпараттық орталығында, криминалдық ақпарат орталығында басшылық лауазымдарды атқарды. Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер басқармасының штаб бастығы лауазымынан зейнет демалысына шыққан.
Мерейтой иесін полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов құттықтап, Геннадий Селищевтің ішкі істер органдарында лейтенанттан полковникке дейін 30 жылдан астам қызмет атқарғанын атап өтті.
СҚО ПД және Ұлттық ұлан ардаргерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықовтың айтуынша, зейнеткер ведомствоның барлық маңызды іс-шараларына қатысып, жас қызметкерлерді тәрбиелеу ісіне белсенді атсалысып келеді.