Кибералаяқ петропавлдықтық әйелге банк қызметкері ретінде хабарласып, 4 миллион теңге несие рәсімдеген, деп хабарлайды QyzyljarNews.kz тілшісі.
Оқиға ақпанның 10-ы күні тіркелді. Алаяқ қала тұрғынына өзін «Halyk bank» қызметкерімін деп таныстырып, «Сіздің атыңызға біреу 4 миллион теңгеге несие рәсімдемекші, операцияны құптамаңыз», деп сендірген. Айтқан сөзін растау үшін әйел адамға «WhatsApp» мессенджері арқылы шартқа ұқсас құжаттың суретін жіберіп, арам ойын іске асырған. Жәбірленушінің сөзінше, жіберілген PDF-сурет нағыз құжатқа ұқсаған, тіпті банктің логотипі де бар екен. Қылмыскердің сөзіне иланған әйел адам операцияны тоқтату үшін алаяқтың бар айтқанын орындап, 4 млн теңгеге несие рәсімдеп берген.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға өз жеке мәліметін ешкімге бермеу, күдік тудыратын жағдайда бірден банкке немесе полицияға хабарласу қажеттігін ескертеді.