Петропавлда «Шексіз өнер» атауымен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында шығармашылық фестиваль ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Осымен бесінші рет өткізіліп жатқан фестиваль алты аталымнан тұрды. Қатысушылар көркем сөз, көркем өнер, аспаптық өнер, ән айту, сәндік-қолданбалы өнер және би билеуден сайысқа түсті.
– Сайысқа қатысушылар өзі ұнатқан аталым бойынша өнер көрсете алады. Жас ерекшелігіне және бойындағы қабілеттеріне шектеу қойылмайды. Бүгінгі шараға 100-ден аса мүмкіндігі шектеулі жан қатысып отыр. Алдағы уақытта өнердің басқа түрлері бойынша аталымдар қосылмақ. Қатысушылардың саны да жыс сайын артып келеді, – дейді «АРДОС – Жүрек» мүгедектер бірлестігінің басшысы Ақжан Кәрім.
Байқауға қатысқан барлық өнерпаздар өздерінің таланттарымен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әрбірі өнерде ешқандай шекара болмайтынына тағы бір мәрте көз жеткізгендей болды.Жас талант Антонина Олефир бұл шараға бірнеше жыл қатарынан қатысып келе жатқанын айтады.
— Бүгінгі байқауға өзімнің туындымды ұсынып отырмын. Сурет салу – қазір бұл менің сүйікті ісіме айналды. Сондай-ақ ән айтудан да сынға түсемін. Ән арқылы адамдарға өздерінің жеке өмір жолы, әркімнің ерекше қасиеттері бар екенін, әр күнге алғыс айтып, қуана білу керектігін жеткізгім келеді, – дейді қатысушы.