СҚО-да Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын — майлы дақылдарды экстракциялау зауыты салынуда

Авторы: Qyzyljar News

Бүгіндері өңірде майлы дақылдарды экстракциялау зауыты салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарына 15 млрд.теңге инвестиция тартылуда. Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін 200 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Кәсіпорын облысымызда өсірілген майлы дақылдардың 90 пайызын өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл жайында орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында СҚО әкімі Құмар Ақсақалов айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Бұдан басқа, Петропавлда 7 млрд.теңгеге 3,7 гектар аумақты алатын заманауи жылыжай кешені салынуда. Нәтижесінде, нысан облысты 2 700 тонна көкөніспен қамтамасыз етпек, осылайша тұтынушылардың қияр мен қызанаққа қажеттілігінің 30 пайызы жабылады.

– Облыста сүт фермаларын салуға арналған бағдарлама сәтті жүзеге асырылуда. Фермерлерге мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие берілуде. Жыл сайын он кешен ашу жоспарын орындап келеміз. Былтыр облыс аумағында он ферма іске қосылды. Биыл тағы он бір кешеннің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осы жылы тағы он нысанның іргетасы қаланбақ. Жаңа фермалардың арқасында бес жылда сүт өндірісі 30 пайызға өсіп, 227 мың тоннаға жетті. Жоспарымыз толық іске асса екі мыңнан астам ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылмақ. Бір ауылда ашылған ферма 30 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл 30 отбасының табысы өседі деген сөз, – деді Құмар Іргебайұлы.

Өңірде қазір облыста 3 бройлер құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Оның екеуі жыл соңына дейін іске қосылады.

– Қазір облыста 2,5 мың тонна ет шығаратын бір құс фабрикасы бар. Үш жаңа фабриканың қуаттылығы 16 мың тонна болады. Яғни, облыстың қажеттілігін толық жауып, басқа өңірлерді қамтамасыз етеміз. Аграрлық секторда қолға алынған жобалар ауқымды. Осының арқасында биыл ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің жалпы көлемін 1 триллион теңгеге жеткіземіз, – деді облыс әкімі.

Облыста өнеркәсіп өндірісін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Үстіміздегі жылы жаңадан бір мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 36 млрд. теңгенің 19 инвестициялық жобасы жүзеге асырылмақ.

Биыл облыс аумағында 663 шақырым жол жөнделмек, оған республикалық және жергілікті бюджеттерден 22 млрд. теңге бөлінді. Облыс бойынша жақсы жолдардың үлесі биыл 81 пайызға жеткізілмек. 2026 жылға дейінгі облысты кешенді дамыту жоспары аясында 2 мың шақырымнан астам жол жөнделмек.

Облыстың білім беру саласын дамытуға соңғы жылдары бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, мектептердің инфрақұрылымдары жақсартылуда.Үстіміздегі жылы 83 мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту жоспарланған, сонымен қатар 28 пән кабинеті мен 29 мектеп автобусы сатып алынбақ. Бүгіндері бюджеттен бөлінген 2,4 млрд. теңгеге 27 білім ошағында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыс аумағындағы барлық мектептердің 70 пайызы жөндеуден өткізілмек. Республика бойынша Солтүстік Қазақстан облысы білім мекемелерін жөндеуге ең көп қаржы бөлетін өңір болып табылады. Президенттің тапсырмасына сәйкес ұстаздардың айлық жалақысын көтеру нәтижесінде облысымызда мұғалімдер тапшылығы мәселесі өз шешімін тапты, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Аманжол Нұртазин, aman_nurtazin@mail.ru

Тілші:

Мадина Нуркина, +77057396494, Nurkinamad@mail.ru

SMM-менеджер:

Айжана Шайкенова,

+77782191267

nadyasaf070@gmail.com

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz